Жаңалықтар
04 қараша 2021 ж, 15:05

«Тарихымыз таста қашаулы тұр»

Бағдат Мәмбетов – Текей батыр Қарпықұлы атындағы колледждің математика пәні оқытушысы, бүкіл саналы ғұмырын білім беру ісіне  арнаған қадірменді, сүйегі асыл, абзал  азамат. Жаны жайсаң аға –  бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері.
 Бағдат Сүлейменұлы, бірнеше оқушыдан мен «Ағай, сіздің сабақ беру мәнеріңіз Бағдат ағайға ұқсайды екен» дегенді естідім. «Бір ауылда туып, бір топырақтан өсіп-өнгеніміз себепті ұқсастық боп жататын шығар» деймін, аузыма басқа сөз түсе қоймай... 
– Дұрыс. «Жігіттің жақсысы – нағашыдан» демей ме? Нағашыңа ұқсасаң, жаман болмағаның (күліп). Мен сабақ үстінде оқушылармен барынша тең дәрежеде сөйлесуге, сабақты көңілді жүргізуге тырысамын. Ал оқушының деңгейіне дейін түсу – кез-келген мұғалімге қона бермейтін мінез. Бәріміздің мақсатымыз мұғалім ғана емес, Ұстаз болу. Ұстаздық ол мамандық емес, Жаратылыстың берген сыйы. 
Әлемде екі-ақ ұстаз бар. Біреуі – ежелгі грек ғалымы Аристотель, екіншісі – қазақтан шыққан әл-Фараби. Әйтпесе, әлемде білімі, ғылымы, әдебиеті, мәдениеті жетілген елдер көп. Бірақ ұстаз осы екі халықтан ғана шыққан. Сондықтан біз – қазақ халқы онымен мақтана аламыз.
Мысалға, мәдениеттің басты нышандарының бірі – тазалық болса, ол үшін бірінші кезекте сабын керек. Ал әлемде өздерін мәдениетті халық санайтын француздарыңда да, орыстарыңда да «сабын» деген сөз жоқ. «Мыло» деген сөз сабын деген сөз емес. Француздар «сапун» дейді. Крес жорықшыларының Орта Азиядан апарып сүйіктілеріне сыйлайтын бағалы сыйлықтарының ең басында сабын тұратын болған. Кешегі 1860 жылдарға дейін француз қалаларында канализация болмаған. Адамдар көшеде биік тақалы аяқ киім, бастарына шляпа киіп жүрген. Оның басты себебі, көп қабатты үйлердің терезелерінен лақтырылатын нәжістерден сақтанып жүру үшін. Ал біздің ортағасырлық қалаларымызда, басқасын былай қойғанда, Сарайшықта, Отырарда канализация жүйесінің болғаны қазба жұмыстарынан белгілі. Айта берсең көп, мәселен ғылым мен мәдениеті дамыған деп есептелетін сол француздарда «сексен» деген сөз жоқ, «төрт жиырма» дейді. Ал бізде миллионға, миллиардқа дейінгі сандардың қазақша атауы бар. Сондықтан біздің жас жеткіншектеріміз, білім алушыларымыз ғажап елдің ұрпақтары екендіктерін мақтанышпен айтып жүрулері керек. Тарихтағы үш бүкіләлемдік қоныстануды жасаған біздің бабаларымыз...
Қазір «рухани жаңғыру», «ұлттық код» деп жиі айтып, жазып жатамыз. «Ұлы даланың жеті кереметі» деп Елбасымыз мақала да жазды. Ғұн билеушісі Еділ (Атилла) бабамыздың барып Римді шапқанын айта беру, т.с.с. жастарымыздың санасында қаншалықты сілкініс оята алады? Құр мақтан бізді алға жылжыта ма? Ғылым мен технологиямыз тұралап жатыр. Осы бір құр даңғаза біздің елді неге алып келеді? Бұның бәрі әрекетсіздік емес пе? 
– Кезінде австриялықтар венгрлерді, поляктарды «сендердің тілдерің жаңадан пайда болған. Сендер әлі деңгейге жеткен жоқсыңдар, тілдерің 1600 жылдары қалыптасқан деп жазған. Содан поляктың бір ғалымы әлгі 1600 деген санның алдыңғы санын, яғни «1» санын өшіріп тастапты. Сөйтіп күллі поляк «біздің тіліміз неміс тілінің өзінен  пәленбай жыл бұрын пайда болған» деген ұғымға келген. Сөйтіп 80-90 жылда поляктар дүр сілкініп, қазіргідей жағдайға жеткен. Біз жүздеген жылдар езгіде болып, бодандықта жүрдік. Оны отыз жылда сілкіп тастау оңай болмай жатыр. Сондықтан әлгіндей идеология бізге керек. Бүкіл тарихымыз таста қашаулы тұр, Қытайдың, Еуропаның архивтерінде тарих жылнамашыларының жазбаларында сақтаулы. 
– Әңгімеміздің бұлай басталып, бірден әлемдік деңгейдегі мәселелерге кетіп қалады деп күтпегенмін. Үйреншікті дағды бойынша бала шақтан, сонау түкпірдегі ауылдан бастаймыз деп ойлап едім. Өткенде «Ел жаққа барып тұрасың ба?» деп қалдыңыз... 
– Менің әкем «завмаг», шешем сатушы болды. «Завмаг» деп отырғанымыз – «заведущий магазин», дүкен меңгерушісі. 
Байдың баласы болған екенсіз-ау?
– Иа, мен расымен де ауылдастар үнемі айтатындай, жеті атамыздан байдың тұқымымын. Әкеміздің әкесін Совет Үкіметі үш рет кәмпескелеген. Өмірден өтем дегенше қудалауда жүріпті. Біз сол әкеміздің атын фамилия қылып алмай, арғы бабамыздың атын тегіміз қылып алдық. 
Жұрттың айтуынша, жазба деректерде арғы бабамыз Жалмырза жолбарысты жалғыз аулаған батыр болған деседі. Сыр бойына Арқадан көшіп келген екен. 
 Арқада неғып жүр ол жалғыз Қаракесек?
- Қаракесектердің басым көпшілігі Арқада ғой!
- Орта жүздің Қаракесегісіз ба сонда?
– Жоқ. Орта жүздің Қаракесегі мен Кіші жүздегі Қаракесек әу басында бір Қаракесек болған. Үш би бөліп алған кезде бөлініп қалған. Қаз дауысты Қазыбек бидің өзі тоқсаннан асқан шағында  Сыр бойындағы туыстарын аралар келгені туралы әңгіме бар. «Жаны қыдыру» деген әңгіме бар қазақта. Адам қайтыс боларының алдында бүкіл ағайын-туысты жағалап кетеді екен. Қазыбек би де асарын асап, жасарын жасаған соң, сәті жақындағанда «жаны қыдырса» керек, Сыр бойындағы Қаракесектеріне келген деседі. 
Сонда мұндағы ел асты-үстіне түсіп қонақ қылып, бүкіл жақсыны алдына тосып, алдына мал салып, жетегіне жүйрік жетектетіп дегендей бүкіл сый-сыяпатты көрсетеді. Ел-жұрттан жиналған дүние мен малды жарлы-жақыбайға бөліп беруді ұйғарса, Қазыбектің кіші ұлы күңкілдейтін көрінеді. Сонда әкесі ренжіп «Күзге жетпе, күзге жетсең де жүзге жетпе» деп теріс бата берген көрінеді. Расымен де, Қазыбек бидің үшінші ұлынан тараған ұрпақ әлі күнге дейін жүзге жетпейді дейді. 
Баласына соншама ауыр сөз айтқаны...
– Біз ата-ананы құрметтейтін, айтқанын екі етпейтін халықпыз. Біз мұсылман болмай тұрғанда да, кейін дінді қабылдағанда да салт-дәстүрді берік ұстанған, ата-ананы құрмет тұтқан, ата-баба әруағын ұлықтаған ел болдық. Мұсылман дінінің өзін өз салт-дәстүрімізге ыңғайлап ұстаймыз. 
– Қандай әңгіме бастасақ та соңы тарихи тақырыптарға ұласып кетіп жатыр. Мен де кейінгі жылдары тарихи әңгімелерге көп құлақ түріп, қол босағанда YouTube-тан осындай тематикалық  контенттерді жиі қарайтын болдым. Ал сіздің студенттік кезіңіз, жастық дәуреніңіз  қалай өтті?  
– Студент кезімде төрт жыл староста болдым. Сдуденттік отрядтардың барлығында болдым. Жоқшылықтан, ақша жетпегендіктен емес, ол кезеңдерде белсенді студенттерді «бармасаңдар болмайды» деп, осындай отрядтарға қуалайтын. Калинин совхозында (қазіргі Бұқарбай батыр ауылы) комбайн айдадым. Сонда менің жүріс-тұрысым мен өзімді ұстауымнан, сөйлеген сөзімнен бастықтың ба, әлде жоғарыдағы бір дөкейдің бе баласы деп ойлайтын көрінеді. Кейіннен байқасам, сол кезде облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы Мәмбетов Зейнабдин деген болыпты, көпшілік мені соның баласы деп ойлайды екен. Бір күні жұмыста жүргенде бас инженер менен «Мәмбетовтың баласысың ба?» деп сұрағанда, мінез ғой: «Не енді, иттің баласы деп пе ең?» демесім бар ма. «Жо-жоқ, жай сұрағаным ғой. Мектепті қайдан бітірдің?» деп сұрады тағы. «Қайдан бітіруім керек еді? Қазалыдан бітірдім» деймін. Жаңағы Мәмбетов деген Қазалыда бірінші хатшы болған адам екен ғой. Ол кезде мен білмеймін мұның бәрін.  Бірақ аналар менің бүкіл жағдайымды жасады. Бөлек бөлме беріп, басшылардың мәзірімен тамақ беретін болды дегендей... Десе де, қатар-құрбы, достарымнан бөлінгенім жоқ. Еске түскен соң айтып жатқаным.
Шаш қандай еді ол кезде? Киім үлгіңіз ше?
– Шашым иыққа түсетін. Киімді айтпай-ақ қояйын. Кидік қой әйтеуір (күліп). Содан айтайын дегенім, мен қыздарға ғашық болып, ізінен жүгірген адам емеспін. Себебі, үйленіп барып оқыдым. Әуелі әскерге бардым. Келген соң үйлендім. Содан соң барып оқыдым.
Әскерде Грузияда болдым. Менің тарихқа қызығушылығым сол әскерде жүргенде басталған болуы керек. Себебі, грузиндердің жалғыз ғана «Жолбарыс терісін жамылған батыр» деп жазатын батыры бар, Шота Руставели деген. Сонсоң оларда Тбилисиге кіре берісте ескерткіштері бар, қаланы қорғаған он бес балаға арналған. Ал бізде мың бала! Сол мың баланы тізіп Жоңғар қақпасының алдына жазып қойғанды елестетші!
Ол өз алдына бөлек әңгіме болатын тарих қой. Шет елдерде болдыңыз ба?
– Мен кезінде Қызылорданың жас туристер станциясының директоры болдым. Міне, сол кезеңде Кеңестер Одағының барлық республикасын араладым. Тау-тасты аралап, қазігі тілмен айтқанда, туристерді құтқарушылар командасын дайындадым. Одан кейін 2018 жылы бүкіл Еуропаны шарлап келдім. Осы арадан ұшып Киевке бардым. Польшаға, одан Германияға. одан соң Бельгияға. Голландияның астанасы Амстердамда көшеде қазақша ән айтып тұрған адамдарды көрдім. Шәмшінің әндерін біреуі баянмен, біреуі саксафонмен сүйемелдеп шырқап тұр. Сұрасам, о баста біздің Қазалының еврейлері екен.
Кейін Атлант мұхитының жағалауына Португалияның Порту қаласына бардым. Кейін қайтқанда Испанияның Мадрид қаласының үстімен 60 минут ұштық, сенесің бе? Үлкендігі сондай. Әуежайының өзі 32 қабат екен, әрбір қабатында автобустар жүр. Сол Еуропаны аралап жүрген кезімде әлемнің өркениетті 30 елінің қатарына кірудің қандай арман екенін түсініп қайтқанмын...
Байқаймын, әңгімемізді газет көлеміне шақтап аяқтай алмаймыз-ау... Себебі, бір тақырыпты бір тақырып сүйретіп, әңгіме қызған-үстіне қыза береді. Кейінгі буынға беретініңіз ортаймасын! Өзіңіз де қартаймаңыз!
 
Сұхбаттасқан Ғабит КӘДІРБАЙ.
74
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *:

Директордың блогы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2022    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
АО «НЦПК «Өрлеу»Некоммерческое акционерное общество «Talap»Управления образования КЗОМинобразования и науки РКАкимат Кызылординской областиСайт президентаРухани ЖаңғыруEgovDigital Kazakhstan